20. «Ашуланғанда не істеу керек?»
Сүлеймен ибн Сурад (оған Алла разы болсын) былай деді: Бірде мен Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отырғанымда екі кісі бір-бірімен ұрсыса бастады. Біреуінің беті қызарып, тамырлары ісініп кетті. Сол кезде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен бір сөз білемін, ол оны айтса ашуы басылар еді. Егер ол: «Әғуузу билләһи минаш-шайтанир-ражиим», (Қуылған шайтанның кесірінен Алладан пана сұраймын),- десе ашуы кетер еді»,-деді. Сонда бұл сөзді естігендер ашуланған кісіге: Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) саған: «Қуылған шайтаннан Аллаға сыйынсын», - деп жатыр деді. Бұхари, Муслим.
1. Ашу – шайтаннан. Себебі, ашу адамды екі дүниеде зиянға ұшыратады.
2. Шайтан азғыруын тоқтатудың құралы – Алладан пана сұрау.
3. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір керекті жерде өз үмметіне пайдалы ақыл-кеңес пен нұсқаулар беріп отырған.
4. Әрбір тәрбиеші мүмкіндік туған уақытта ұнамсыз жағдайға тап болған кісілерге өз насихатын ұсынуға сараңдық танытпауы керек.
5. Дереккөзі: Алла Тағала Құранда: «Егер, шайтаннан саған бір түрткі болса, онда Аллаға сыйын. Өйткені, ол Толық Естуші, Өте Білуші» деген («Ағраф» сүресі, 200-аят).